Алматыда Абай күні қалай тойланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Абай Құнанбаевтың 178 жылдығына орай бірқатар іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Абай күні қалай тойланды
Фото: акимат Алматы

Алматыда қазақтың кемеңгер ақыны және ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың 178 жылдығы құрметіне орай оның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, мемлекеттік қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, ақын-жазушылар және т. б. қатысты.


«Бүгін еліміз үшін ерекше мейрам – ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туған күні. Абай Құнанбаевтың тұлғасы қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемнің өмірінде маңызды орын алады. Абай Жидебайда дүниеге келген. Алайда әр қазақ «Абай – біздің ақынымыз» деп мақтан тұтады», - деп атап өтті өз сөзінде Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов.


Абай ескерткішінің алдында сондай-ақ оқушылар мен жастар Абай Құнанбаевтың танымал шығармаларынан үзінділер оқыды. Қазақтың ұлы ақыны мен ағартушысының шығармаларын сүйетіндер үшін Орталық қалалық кітапханада «Ұлы Абай халық жүрегінде» атты дөңгелек үстел өтті. Осыдан соң «Алатау» дәстүрлі көркем театрында «Абай мұрасы – қазақ қазынасы» атты әдеби-музыкалық қойылым көрсетілді.

Еске салайық, Абай күні – ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 4 тамыздағы қаулысына сәйкес Қазақстанда мерекелік күн болып атап өтіледі.