Алматыда «Абай оқулары» өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда Абай Құнанбайұлының туған күніне орай дәстүрлі «Абай оқулары» өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шара 1993 жылдан бері ұлы ақынның есімімен аталатын даңғылдың бойындағы сәулетші Хакімжан Наурызбаев тұрғызған әйгілі Абай ескерткішінің түбінде дәстүрлі түрде жыл сайын өтіп келе жатыр. Оның ұйымдастырушылары - қалалық тілдерді дамыту басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағы және Халықаралық Абай қоры. Ол биыл Қазақтың М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының актері Болат Әбділманов сомдаған Абайдың монологынан басталды. Одан соң ұйымдастырушылардың құттықтау сөзінен кейін, сөз зергерлері Абайдың рухына бағыштаған өз жырларын оқыды. Олардың арасында Мемлекеттік сыйлықтың және «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Марфуға Айтқожина, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәкен Иманасов және М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Аманхан Әлім бар. Салтанатты шара кезінде «Абай оқуларында» өнері үздік деп табылған ақындар мен әншілерге дипломдар беріліп сый-құрмет жасалды. Сондай-ақ жыр сүйер өнерпаз қауым ақын өлеңдерін оқып, Абай өлеңдеріне жазылған музыкалық шығармаларды орындады.