Алматыда Абай оқулары өтіп жатыр

Бұл жайында ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин Алматыда өткен «Абай оқулары» кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Н.Оразалин кемеңгер, данышпан тұлғаның 19-шы ғасырдың аласапыранға толы кезеңінде ғұмыр кешкендігін айта келе оның философиясы, ұлтына арнаған сөздері өзінің мәңгілігін үшінші ғасырға бастап бара жатқандығын жеткізді.
«Бүгін біз тағы да сол ақынның, ұлы Адамның қаламыздың төріндегі ескерткіші алдында рухына тағзым етіп, заман қақында, ақын туралы сырласу үшін жиналып отырмыз. Биылғы бас қосудың жөні жылдағыдан бөлектеу, олай дейтініміз биыл Абайдың туғанына 165 жыл.
Абайдың философиялық көзқарасы, халықты имандылыққа бағыттайтын, ұлылыққа тәрбиелейтін, ұлтты қадірлеуге, ұрпақты жігерлендіретін ойлары өлмейді», дейді ақын.
Сондай-ақ аталмыш шараға ғұлама ақынның ұрпақтары келіп, аталарының туған күнін атап өтіп жатқан барша жұртқа ризашылығын білдірді.
Шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, жас өнерпаздар ән-күйлерін арнады.