Алматыда Әбдуәли Қайдардың 85 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, академик Әбдуәли Қайдардың 85 жасқа толуына арналған «Этнос және тіл» деп аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш конференцияны ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Абай атындағы ҚазҰПУ бірігіп ұйымдастырып отыр. Ғылыми мәслихат тіл біліміне үлкен еңбек сіңірген ғалым Әбдуәли Қайдарды Қырғыз, Қытай, Түрік елдерінің Ұлттық ғылым академиялары академиктерінің, сондай-ақ қазақстандық ғалымдар мен жазушылардың, тіл білімі институты басшыларының құттықтаумен басталды.
Конференция барысында қазіргі қазақ тілінің өзекті мәселелері сөз етіліп, қазақ этносының тұрақты дамуының ең сенімді әрі құдыретті күштеріне қазақ тілінің халық даналығы, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін мұрагерлік қызметтің жататындығы айтылды. Ұлттық тіл ұлттың өзін танып білудің бірден-бір құралы, халықтарды бірлестірудің, елдікті сақтаудың, мемлекетті дамытудың алғышарты екендігі туралы ой қозғалды.
Әбдуәли Туғанбайұлы ҚайдарАбай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қазақ тілі білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері, Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті мүшесі, Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор.