Алматыда «Абылай хан» спорт клубының ашылуына орай кәсіпқой бокстан рейтингтік жекпе-жектер өтеді
АЛМАТЫ. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда наурыздың 28-інде «Абылай хан» спорт клубының ашылуына орай кәсіпқой бокстан рейтингтік жекпе-жектер өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оны «Zhersu Promotion» промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отыр. Бокс, кикбоксинг пен ережесіз төбелестің сайыпқырандарын тәрбиелеп жүрген қазақстандық ең алғашқы спорт клубтарының бірі саналатын «Абылай хан» екі жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары үшін жабылған болатын. «Снайпер» бокс клубының басшысы, промоутер Марат Мәзімбаевтың айтуынша, енді оның қайта ашылу рәсімі кезінде «Абылай хан» клубының 4 спортшысы рейтингтік жекпе-жек өткізбек.
Мәселен, 72,6 киләда Семен Упоров Жантілеу Оспановпен (Алматы), 63,5 киләда Қанат Қартенбаев Ұлан Сауытбаевпен (Көкшетау), 57 киләда Серік Ешмағамбетов Алмас Асановпен (Алматы), 91 киләдан жоғары салмақта Қанат Алтаев Мақсат Пазыловпен (Бішкек) қолғап түйістіреді. Оларға Берік Мұқашев бастаған қазылар алқасы төрелік жасамақ.