Алматыда адам өлімінен соң екі медициналық мекеме тексерілуде

Қайғылы оқиға 7 қыркүйекте № 7 қалалық ауруханада болған. 50-лер шамасындағы Ербол Көшербаев бауыр циррозы диагнозынан аталған аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Марқұмның туысқандары ер адамның денсаулығына дәрігерлер салғырт қарады деп айыптап отыр. Бұл туралы оның қарындасы Алтынай Жүсінова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ол аталған жазбасын ҚР ДСМ және басқа да органдарға шағым ретінде жазған. Оның айтуынша, ағасы 3 қыркүйектен бастап ауырған. 3-інен 6-сына дейінгі аралықта олар бірнеше рет үйге дәрігер шақыртқан. Алайда жедел жәрдем фельдшерлері де, жергілікті емхананың терапевті де үйге дәрі жазып берген.
«Ал ағамды емдеу үшін порталға тіркеу керек деді. Порталдағы кезек қазанның аяғына бірақ кетеді екен. Ауырып тұрған адам қазан айының аяғын қалай күтеді? Жұма күні фельдшер шұғыл түрде ағамды ауруханаға алып кетті. Кешкі 16:00 кезінде ағамның талдаулары өте нашар болғандықтан, жансақтау бөліміне жатқызды. Таңғы сағат 7-лер шамасында ағамнан айрылдық», - деді ол.
Оның айтуынша, марқұм өкпесіне су жиналғандықтан, бүйрек пен бауыр жеткіліксіздігінен, сепсистен көз жұмған. Сонымен қатар, марқұмның жақындары мүрдені алып кету үшін де бірқатар әуре-сарсаңға түскен.
Атап айтқанда, мәйітхана қызметкерлері мүрдені «үйде қайтыс болды» деп жазғанда ғана уақытында беретіндерін айтқан. №16 емхана ер адамның туыстарына «үйде қайтыс болды» деген анықтама жазып берген.
«Ол жансақтау бөлімінде қайтыс болса, қалайша үйде өлді деген қағаз береді? ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне де, №7 аурухана мен №16 емхана басшылығына да сұрағым көп», - деді Алтынай Жүнісова.
Аталған дерекке байланысты қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасы 2 медициналық ұйымды тексеруді бастады.
«Ербол Көшербаевқа сапасыз медициналық қызмет көрсетті» деген себеппен қалалық жедел жәрдем стансасы мен № 7 қалалық аурухананың қызметі тексеріліп жатыр. Қорытындысы кейінірек шығарылады», - деді департаменттен.