Алматыда адамды өлтіріп, бөлшектеген қылмыскерлерге үкім шықты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ер адамды өлтіріп, денесін бөлшектеген айыпталушыларға сот үкімі шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бүгін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Роман Ситакты өлтіріп, бөлшектеп тастаған күдіктілерге жазалар тағайындалды.
Сотта Тайыр Әбілдинов пен Азамат Қабденовтің істері қаралды. Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлімі 7-тармағында, 188-бабының 2-бөлімі 1-тармағында және 384-бабының 3-бөлімінде көрсетілген (бірнеше тұлғалардың бірігіп адам өлтіруі, ұрлық жасауы, құжаттарды заңсыз иеленуі немесе жасыруы) қылмыстарды жасауда айыпталды.
Іс материалдары бойынша, сотталушылар Роман Ситакпен бірге пәтер жалдап тұрған және арадағы дау-дамай Play Station приставкасы үшін туындаған.
Тайыр Әбілдиновке 16,5 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза тағайындалды. Ол үкімді қатаң режімдегі түзеу колониясында орындайтын болады.
Азамат Қабденов қатаң режімдегі түзеу колониясына 15,5 жылға аттандырылды, сондай-ақ оның мүлкі тәркіленетін болады.
Еске сала кетсек, өткен жылы қыркүйекте Райымбек батыр және Абылайхан көшелерінің қиылысында орналасқан тұрғын үйдің қоқыс жәшігінен адамның бөлшектенген дене мүшелері табылды. Күдіктілер бірнеше күн өткен соң Байқоңырда ұсталды.