Алматыда «Адасқан» деп аталатын мистикалық триллер жанрындағы алғашқы қазақ фильмінің тұсаукесері өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл көрерменге «Рэкетир» (2007 жыл), «Ағайынды» ( 2009 жылы) фильмдерімен таныс бола бастаған Ақан Сатаевтың үшінші кино туындысы. Фильмнің қоюшы-операторы Хасан Қыдырәлиев, картиналарды қоюшы-суретшісі Дастан Жанғарашев, музыкасын жазған Ренат Гайсин.
«Фильмнің идеясы 5 жыл бұрын туған болатын. Бұл фильмді «Ағайындымен» қатар түсірдік. Оның сценариін де Тимур Жақсылықов жазды. Бюджеті 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Коммерциялық жоба болғанмен, әрине халыққа көрсететін болғандықтан өзімізге жүктелген жауапкершілік өте үлкен. Жақсы сценарийлер болса бұл жанрда алдағы уақытта да басқа да кинолар түсіру ойымда бар», дейді Ақан Сатаев. Күзде Қазақстан мен Ресейде прокатқа шығады деп жоспарланып отырған жаңа туындыда басты кейіпкерлерді Тұнғышбай әл-Тарази («Қан мен тер», «Көшпенділер», «Абай»), Андрей Мерзликин («Штрафбат», «Курсанты», «Качели») және Айғаным Садықова, Алма Рулас, Ілияс Садыров, Игорь Горшков, Азамат Ілиясов, Даулет Әбдіғапаров пен Алексей Храменко сомдайды. Продюсер А. Сатаевтың айтуынша, жаңа фильм алдағы уақытта халықаралық фестивалдерге қатыстырылмақ. Қазірдің өзінде ол Монреаль, Венеция, Токио және Түркия елінде өтетін кинофестивальдерге ұсынылып отыр.