Алматыда әділ шешім шығармаған судья сотталып жатыр

Қалалық соттың баспасөз хатшысы Диас Махамбетовтың айтуынша, Алатау ауданының бұрынғы судьясы Өмірзақ Серімов ҚР ҚК 350-бабының 2-бөлімі, 307-бабының 4-бөлімі бойынша өзінің өкілеттігін асыра пайдаланып, көрінеу әділетсіз шешім шығарғаны үшін айыпталып отыр.
Қылмысы дәлелденген жағдайда ол бірінші бап бойынша 2-7 жыл, екінші бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Бүгін қорғаушылардың келмеуіне байланысты сот алдындағы тыңдау процесі болмады.
Айта кету керек, қайғылы оқиға 2012 жылы болған еді. 5 баланың анасы, 57 жастағы әйел Светлана Тұрғанбаева үйін тартып алуға келген сот орындаушыларының, көршілерінің отбасының алдында өзін өзі бензин құйып, өзін өзі өртеп жіберген болатын. Денесінің 85 пайызын күйік шалған әйел ауруханада үш күннен соң қайтыс болды.
Тұрғанбаева бұл үйді бір әйелден сатып алған. Алдыңғы қожайыны оны азаматтық некедегі күйеуі қайтыс болғанда мұра ретінде рәсімдеп алған екен.
Бір жылдан соң қайтыс болған ер адамның інісі Тұрғанбаевтар отбасымен соттаса бастайды.
Осылайша іс сотқа жетіп, Алатау аудандық сотының судьясы Өмірзақ Серімов Тұрғанбаеваның үйді сатып алу туралы келісім шартты жоққа шығарып, жылжымайтын мүлікті інісіне беру туралы шешім шығарған.