Алматыда Әділ Сламханның «Қиялдағы ару» деп аталатын ән кеші өтеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ата жұртқа 2002 жылы Қытай Халық Республикасынан көшіп келген әншінің бұған дейін 2008 жылы «Қиялдағы ару» деген үнтаспасын және «Қиялдағы ару», «Ұмытпа» әндеріне бейнеклиптерін шығарған еді.
«Алғашқы концертім 2007 жылы Қытайда болды. Енді оны кеңейтіп, Алматы жұртшылығының назарына ұсынғалы отырмын. Өнер ордасындағы тұңғыш концертіме жаңадан оншақты ән жаздырдым. Бұл шараның алдында Қазақстанның барлық облыстарына гастрольдік сапармен концерт қойып қайтқан едім. Көрермен жылы қабылдады. Бұл кеште орындалатын 30-ға жуық шығарманың 60-70 пайызы тұңғыш рет айтылады. Олардың үшеуі дуэтпен айтылады. «Ән мен гүл», «Бір өзіңді таңдадым» және «Егізім» деп аталатын бұл әндерді жан жарым Дана Маханбаевамен бірге орындаймын», дейді Әділ Сламхан. Әншінің айтуынша, ол «Атамекен», «Халқыма», «Сезім сыры», «Наурызым мереке», «Ағажай Алтай» сияқты он шақты туындысын осы концертке арнайы жаздырған. Енді шығармашылық кештен кейін «Сезім сыры» әніне бейнеклип түсіруді жоспарлап отыр.