Алматыда ағаш қандаласы қаптады: өңдеу жұмыстары жүргізілуде
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі тұрғындардың ағаш қандаласы қаптап кетуіне қатысты шағымдарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл Алматыда 2,3 млн-нан аса жасыл желек өңделеді. Жұмыс 15 сәуірде басталды. Бұл ағаштардың тұрақты күйін жақсарту және сақтау және олардың әртүрлі зиянкестерге төзімділігін арттыру үшін жасалады. Өңдеу жапырақ жейтін және жапырақ соратын зиянкестер мен саңырауқұлақ ауруларының қоздырғыштарына қарсы жүргізіледі. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші бойынша ағаш қандаласына қарсы өңдеу де жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады қалалық экология және қоршаған орта басқармасынан.
Айта кету керек, өңдеу елді мекендердің аумағында қолдануға рұқсат етілген қауіптілігі төмен биологиялық және кейбір жағдайларда химиялық препараттармен (П-4) жүргізіледі.
«Өңдеу жұмыстары зиянкестер мен аурулардың биологиясының ерекшеліктеріне, климаттық факторларға байланысты түнде және таңғы уақытта жүргізіледі.Өңдеу әр маусымда төрт кезеңде жүзеге асырылады, Атап айтар болсақ, бірніші кезең - 15 сәуірден 20 мамырға дейін (оның ішінде төрт рет емен, екі рет терек өңдеу), екінші кезең - 30 мамырдан 30 маусымға дейін, үшінші кезең - 10 шілдеден 10 тамызға дейін және соңғысы төртінші кезең - 20 тамыздан 20 қыркүйекке дейін»,- деп түсіндірді басқарма өкілдері.
Бұған дейін алматылықтар ағаш қандаласының қаптап кеткенін айтып, дабыл қаққан болатын.