Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасына арналған отырыс өтті

АЛМАТЫ. 10 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасына арналған «Ұлт ұстазы мұрасының насихатталуы» атты дөңгелек үстел өтті.

Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасына арналған отырыс өтті

Оны ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасын насихаттау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» туралы 2010 жылғы 19 қазандағы № 237 шартқа сәйкес А. Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қор жанындағы мұражай үйі Ұлттық кітапхана ұжымымен бірлесе ұйымдастырып отыр. Отырысқа еліміздің белгілі ғалымдары, журналистер, тарихшылар және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Ұлт ұстазы деуіміздің себебі, барша ғылыми жұмыстар, зерттеулер осы кісілердің еңбектерінен бастау алады. Бүгінгі өткізіліп отырған басқосу ҚР Мәдениет министрлігінің шартына сәйкес, ұлы тұлғаның шығармашылық еңбек жолын насихаттау», деді А. Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қор жанындағы мұражай үйінің директоры Райхан Имаханбетова.

Шара барысында «Ғасыр саңлағы: А. Байтұрсынұлының шығармашылық өмірбаяны» монографиясы мен өлеңдерінің орыс тіліндегі аудармалары топтастырылған «Яркий носитель духа человечности» кітабының таныстырылымы өтті.