Алматыда академик Өмірзақ Айтбайұлының 5 томдық таңдамалы еңбектерінің тұсаукесері өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда 7 сәуірде ҚР Ұлттық кітапханасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбайұлының 5 томдық таңдамалы еңбектерінің тұсаукесері өтеді, деп хабарлады ұйымдастырушылар.
«Қазақ терминологиясының мәселелері» атты алғашқы кітапта терминологияның тіл құрылымындағы рөлі, жүз жылға таяу тарихы, жасалу көздері мен принциптері, әдеби тілді дамытудағы орны және т.б. өзекті мәселелер сараланып, ғалымның тың көзқарастары ұсынылады.
«Қазақ фразеологизмдері мен перифраздары» кітабында тіліміздегі тұрақты фразеологизмдердің және ауыспалы, астарлы мағынадағы перифраздардың әр алуан қолданыс ортасындағы табиғаты сөз болады. «Тілтірес» атты кезекті томда қоғам қайраткері Ө.Айтбайұлының мемлекеттік тілді қалыптастыру хақындағы ойлары мен Халықаралық «Қазақ» тілі қоғамының тіл майданындағы ширек ғасырлық қызметі жан-жақты баяндалады.
«Тілғұмырлар» кітабында А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов бастаған тілші-ғалымдар, С.Сейфуллиннен бастап І.Жарылқаповқа дейінгі тіл жанашырлары туралы ғылыми дәйегі жоғары әрі көркем эссе тұрғысынан жазылған құнды еңбектер топтастырылған.
«Основы казахской терминологии» атты соңғы томға ғалым еңбектерінің орыстілді аудиторияға ұсынған басты-басты ғылыми тұжырымдары, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы баяндама, сұхбаттары енгізілген. Сондай-ақ ғалым еңбектерінің толық библиографиясы мен фотоиллюстрациялар да қамтылған.
Іс-шара аясында Ұлттық кітапхананың қорынан Ө.Айтбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған безендірілген кітап көрмесі ұйымдастырылады.