Алматыда академик Төлеген Тәжібаеевтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті
АЛМАТЫ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қазақтың көрнекті педагог-психологы, республикадағы педагогика ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақ КСР ғылым академиясының академигі Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер, Т. Тәжібаевтың туыстары, шәкірттері қатысты.
«Т. Тәжібаев мемлекеттің жетекші жоғары оқу орны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дамуына үлкен үлес қосты. Сондай-ақ ғылымның түрлі саласында мамандар даярлауға айрықша көңіл бөліп, жас ғалымдарға жан-жақты көмек көрсетуге тырысты. Алғашқылардың бірі болып университет факультеттерінде қазақ бөлімдерінің ашылуына жағдай жасады. Төлеген Тәжібаев - жоғары азаматтықтың, патриотизмнің, адамгершіліктің, өз халқына және Отанына қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол көреген ойлары мен бар күш жігерін елінің ертеңіне арнады» деді өз сөзінде университет ректоры Б. Жұмағұлов. Шәкірттерінің айтуынша, Т. Тәжібаев өзінің қысқа ғұмырында жоғары оқу орнының қатардағы доцентінен халық ағарту комиссары, Қазақ КСР мәдениет және сыртқы істер министрі қызметіне дейін көтерілген. Бүгінде оның қазақстандық педагогика мен психология теориясының дамуына қосқан үлесі баға жетпес, ғылыми еңбектері жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу саласындағы ғылыми зерттеулерде бүгінге дейін оқу құралдарының қосымшасы түрінде қолданып келеді.
Университет ректорының сөзіне қарағанда, бүгінгі шара Төлеген Тәжібаев мерейтойының басы ғана. Алдағы уақытта бұл бағытта бірқатар шаралар ұйымдастырылмақ. Соның бірі маусымның 10-ы күні академик Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Жоғары білім берудің қазіргі мәселелері: жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция болады.