Алматыда Ақерке Тәжібаеваның «Мәңгілік қобыз сарыны» деген шығармашылық кеші өтеді

None
None
АЛМАТЫ. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда мамырдың 15-і күні республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері қобызшы Ақерке Тәжібаеваның «Мәңгілік қобыз сарыны» деп аталатын шығармашылық кеші өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ақерке мамырдың 5-і күні шығармашылық жобалар аталымында ҚР Тұңғыш Президенті қорының жас ғалымдар мен өнер шеберлерін қолдау бағдарламасының грантын жеңіп алған болатын. Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында өтетін бұл шараны ҚР Тұңғыш Президенті қоры ұйымдастырып отыр. Оған Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі қатыспақ. Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінің түлегі Ақерке Венгрия, Германия, Голландия, Корея, Қытай, Литва, Молдова, Түркия сияқты елдердің көптеген қалаларында өнер көрсеткен болатын. Түрлі республикалық және халықаралық байқауларда жүлдегер атанып жүрген өнерлі қыз «Ана тілі» аруы - 2007» байқауында да үшінші орын алған болатын. Қазіргі кезде ол Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның халық аспаптары бөлімінің соңғы курсында тәлім алып жүр. Ақерке бұған дейін «Деко» нұсқасымен өңделген қыл қобызға арналған күйлер, халық әндері мен қазіргі кездегі жас композиторлардың шығармалары енген «Көктем» деп аталатын алғашқы альбомын және күйлер жинағын шығарған болатын.
Соңғы жаңалықтар
telegram