Алматыда Ақсақалдар кеңесі болып өтті
АЛМАТЫ. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ақсақалдар кеңесі болып өтті.
Отырыс ақсақалдар кеңесінің мүшесі болған заңғар ғалым Салық Зимановты бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Естеріңізге сала кетсек, еліміздің еңбек сіңірген ақсақал қайраткерлері мен ғалымдарынан тұратын аталмыш кеңес өткен жылы құрылған болатын.
Кеңес мүшелері отырыс барысында бір жылғы жасалынған жұмыстарды қорытындылап, атқарылған істерге баға берді, сондай-ақ алдағы істердің бағыт-бағдарын айқындады.
Жиында Кеңестің жыл барысында «Оқытушының корпоративті мәдениет кодексі», «Студенттің ар-намыс кодексі», «ҚазҰУ оқытушысы туралы ереже» және «ҚазҰУ-дің студенті туралы ереже» сияқты маңызды құжаттарды әзірлегендігі, Ақсақалдар кеңесі мүшелерінің мұрындық болуымен студенттер арасында бірнеше кездесулер мен іс-шаралардың ұйымдастырылғандығы атап өтілді.
Ақсақалдар кеңесінің мүшелері алдағы уақытта да жастарды оқытумен қатар тәрбиелеу саласында өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін, студенттермен арнайы кездесулер ұйымдастырып, жатақханаларға барып пікір алмасуға, тәрбие мен білім беруге атсалысатындықтарын жеткізді. Сонымен қатар, кеңес мүшелері жастардың кітап оқуға қызығушылығын ояту, тәрбелеу, мәдени ошақтарға бару, рухани кештер ұйымдастыру, болашақ кадрларды даярлап жатқан білім ордасының жұмыстарын ізгілендіру, білім ордасы оқытушыларына ағылшын тілдерін үйрету бағытында тегін курстар ашу сынды ұсыныстарын білдірді.
«Ұлттық болмысымызды, төл тарихымызды, әдебиетімізді әлемге насихаттау үшін отандық мықты ғалымдарымызды шетелдік университеттерге дәріс оқуға жіберіп отыру қажет», -деді профессор Тұрсынбек Кәкішев.
Жиын соңында аға буынның ақыл кеңесі қашанда асыл қазына екендігін алға тартқан ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов барлық ұсыныс талаптар ескерілетінін айтты.