10:09, 19 Наурыз 2017 | GMT +5
Алматыда АҚШ-тың бас консулы Наурызбен құттықтау шарасындағы биге қатысты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласындағы АҚШ-тың Бас консулдығы қала тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АҚШ Бас консулдығының құттықтауы бейнетүсірілім арқылы берілген. Онда құттықтау қаладағы сауда орталықтарының бірінде дастархан басында отырған қазақ пен америкалықтың әңгімесінен басталады.
АҚШ азаматы: «Наурыз кезінде не болады?», деп сұрайды. Оған отандасымыз: «Наурыз рухымен түрлі ғажайыптар болуы мүмкін» деп жауап береді. Сол сәтте ән ойнап, сауда орталығындағы адамдар билей бастайды.
Бишілер қазақтың «Қамажай» биін билейді. Бұл құттықтау Бас консулдықтың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған.
«Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтаймыз! Сіздерге қазақ халқының биін тарту етеміз! Барлық келгендерге алғысымызды білдіреміз!!!», деп жазылды әлеуметтік желідегі бас консулдықтың жеке парақшасында.