Алматыда АҚТҚ-ның таралу жағдайы күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қала бермек - Т. Бапиев
АЛМАТЫ. 21 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Соңғы жарты жылда ЖҚТБ орталығында АҚТҚ-ға және тағы басқа инфекцияға қарсы тесттен 107 мың алматылық өтті. Бұл өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 6 пайызға көп.
Бұл жайында Алматы қаласы ЖҚТБ орталығының бас дәрігері Талғат Бапиев бүгін ЖҚТБ мен күрес шеңберінде жүргізілген бірінші тоқсандағы шараларды қорытындылау кезінде айтты.
Бұл тест түрі аталған орталықта тегін жүргізіледі. Оған тестке дейінгі кеңес, бір рет пайдалануға жарамды құралмен қан алу кіреді. Егер бұрын АҚТҚ нәтижесін алу үшін екі апта күту керек болса, қазір сол күні-ақ алуға болады екен.
Сондай-ақ жиын барысында қалалық ЖҚТБ орталығы соңғы жарты жылда атқарылған іс-шараның қорытындысын жасап, ең үздік білім ордасын, оқушылар мен белсенділерді марапаттады.
Аталған шарада ЖҚТБ орталығының бас дәрігері Талғат Бапиев осы шарада белсенділік танытқандары үшін жастарға алғысын білдірді. «Қазіргі күні әр адам өзінің және жақын туыстарының денсаулығына мән беріп, күтулері керек. АҚТҚ-ға және тағы басқа инфекцияға қарсы тесттен өту адамның өз денсаулығына деген үлкен жауапкершілікті көрсетеді», -деп атап өтті медицина ғылымдарының кандидаты Т.Бапиев.
Қалалық ЖҚТБ орталығы аталған індеттердің алдын алу мақсатында еріктілермен, халықаралық және ҮЕҰ-мен тығыз байланыс орната отырып жұмыс істеуде.
АҚТҚ-ға қарсы тесттен өту біздің елде ерікті түрде жүргізіледі. Тек донорлар үшін ғана міндетті саналады. Жүкті әйелдер АҚТҚ-ға қарсы екі рет тексерістен өтеді.
Қазіргі күні Алматыдағы АҚТҚ-ның таралуы күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қала бермек. 1-маусым күні қалалық ЖҚТБ орталығында АҚТҚ-ға шалдыққан 3368 адам тіркелген, оның 2379 қала тұрғындары болса, қалған 989-ы басқа елдерден келушілер. Аурудың қан арқылы тарау түрі бұрынғыдай көш бастап тұр.