Алматыда «АҚТҚ және туберкулез туралы сұхбат» атты семинар-тренинг өтуде

АЛМАТЫ. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда USAID жобасының ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері үшін «Адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы (АҚТҚ) және туберкулез туралы сұхбат» атты семинар-тренинг өтіп жатыр.

Алматыда  «АҚТҚ және туберкулез туралы сұхбат» атты семинар-тренинг өтуде

"Бұл шараның басты мақсаты - журналистерге осы аталған тақырыпта сауатты мағлұмат беріп, АҚТҚ мен туберкулез індеттерінің таралымын төмендетуге атсалысуын қамтамасыз ету. Оған біздің жоба жұмыс істеп жатқан Өскемен, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларының жас журналистері қатысуда", - дейді аталған бағдарламаның Қазақстан бойынша менеджері Ирина Юзкаева.

18 наурызға дейін жалғасатын шара барысында арнайы дайындалған жаттықтырушы АҚТҚ мен туберкулез ауруының таралуы, оның алдын алу жайында толық мағлұмат беріп, сол тақырыпта мақала жазғанда қандай терминдік сөздерді пайдалану керектігі мен халықты дұрыс ақпараттандыру жөнінде кеңес беруде.