Алматыда ақын Кеңшілік Мырзабеков тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының «Көктем» шағын ауданында қазақтың көрнекті ақыны Кеңшілік Мырзабеков (1946-1989) тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Бұл туралы әлеуметтік желіде ақын, журналист, жуырда «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалған Жанарбек Әшімжан мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

«Кеңшілік ғажайып шығармаларын осы үйде жазды. Ақынның дүниеден өткеніне 28 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде Қазақстан Жазушылар одағы әлденеше рет тақта орнату мәселесін Алматы қаласындағы тақта отырып кеткен ақжағалыларға ауызша да, жазбаша да ескерткен. Әртүрлі кедергілер болды, абырой болғанда, қала әкімі Бауыржан Байбек мырзаның тікелей пәрменімен жүзеге асты. Соғыстан кейін туған буын өкілдері, белгілі ақын-жазушылардың бәрі келді. Ақынның тұяғы, іздеушісі, әдеби мұрасына ие болып келе жатқан белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлына Алла разы болсын! Әрқайсысымыздың перзентіміз осындай-ақ болсын. Жиынды қалалық тіл басқармасының басшысы Мамай Аxет тамаша басқарды. Бір-бірімізді тірі кезімізде ардақтап жүрейік, ағайын... Уақыт болғанда әр төбеде қаламыз», деп жазды Жанарбек Әшімжан.

Айта кетейік, Кеңшілік Ағытайұлы Мырзабеков Қостанай облысы Жангелдин ауданы Жәнібек Тархан ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген (1976). 1966-1989 жылдары Қостанай облысы «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы»), «Лениншіл Жас» (қазіргі «Жас Алаш»), Алматы облысы «Жетісу», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, «Жазушы» баспасында, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында қызмет атқарды. Ақынның алғашқы жинағы «Іңкәр дүние» 1972 жылы баспадан шықты.
null

Оның «Сәруар» (1980), «Революция перзенттері» (1980), «Қасиетті қас-қағым» (1985), «Дәуір - дастан» (1988), «Ауыл мен астана» (1994) атты өлеңдер жинағы жарық көрген. «Балалық шақ балладалары» атты жыр жинағы зерттеушілер тарапынан жоғары бағаланды (1987). Ол Е.Евтушенконың «Менің шешем және нейтрон бомбасы», «Фуку» атты поэмаларын қазақ тіліне аударды (1989). Сондай-ақ ақынның «Іңкәр дүние» (1990), «Бір мысқал» (1996), «Жолға салдым көшімді» (2002), «Менің мұңым - махаббат» (2003) атты жыр жинақтары мен «Тың туралы толғау» (1987) секілді мақалалар, очерктер жинағы бар. Мырзабеков жайында «Қайран Кеңшілік!» атты естелік кітап жарыққа шықты (1996).
2006 жылы Алматы қаласында Кеңшілік Мырзабековтың құрметіне көшенің аты берілген.
null 

Соңғы жаңалықтар