Алматыда «Әл-Фараби-2010» олимпиадасының іріктеуі басталды
АЛМАТЫ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін 3000-нан астам оқушылар «Әл-Фараби - 2010» олимпиадасының іріктеу турынан өтетін болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚазҰУ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
14 пән бойынша өтетін олимпиаданың мақсаты - дарынды және қабілетті балаларға мемлекеттің жетекші университеті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсуге мүмкіндік беру. ҚазҰУ ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып республикадағы жалғыз мектеп олимпиадасын ұйымдастырып отыр.
Ақпанның 16-сынан наурыздың 13-іне дейін университеттің профессорлар қауымы Қазақстанның орталық облыстарында болып, аймақтық іріктеу турларын өткізіп келді. Биылғы олимпиадаға барлық аймақтан 11 мың оқушы қатысты (былтыр олардың саны 7 мың болды). Олимпиаданың нәтижелері бойынша республиканың үздік мектептерінің рейтингі жасалатын болады.