Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұрынғы есепшілерінің үстінен сот үкімі шығарылды

Соттың анықтағанындай, сотталушылар Б. Нұрлан, С. Жекенова және Д. Тұрсынбекова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың есепшілері бола жүріп, өздерінің қызмет бабын пайдаланып, өзара келісіп, алдау және қызмет бабын асыра пайдалану арқылы бірқатар қылмыстар жасаған.
«Сот үкімімен Б. Нұрлан мен Д. Тұрсынбекова ҚР ҚК 177-бабының 3-ші тармағының «б» бөлімі және 176-бабының 3-ші тармағының «б» бөлімінде қарастырылған қылмыстарды жасаған деп айыпталды (кодекстің 1997 жылғы редакциясы). Олар бес жылға бас бостандықтарынан, сонымен қатар, үш жыл мерзімге толық материалдық жауапкершілікке қатысты қызметпен айналысу құқығынан айрылды», - делінген Алматы қалалық сотының хабарламасында.
Сот, сотталушылар Б. Нұрлан мен Д. Тұрсынбековаға қатысты ҚР ҚК 63-бабына сәйкес, шартты түрдегі жазалау шарасын тағайындады.
С. Жекенова ҚР ҚК 177-ші бабының 3-ші тармағының «б» бөлімі және 176-шы бабының 3-ші тармағының «б» бөлімінде қарастырылған қылмыстарды жасаған деп айыпталды (кодекстің 1997 жылғы редакциясы). Ол 5,5 жыл мерзімге бас бостандығынан, сонымен қатар, үш жыл мерзімге толық материалдық жауапкершілікке қатысты қызметпен айналысу құқығынан айрылды.
Сот С. Жекеноваға қатысты ҚР ҚК 76-шы бабына сәйкес, жазаны өтеуді бес жылға кейінге қалдыру туралы шешім шығарды. Бұл жерде оның қолында бір жас алты айлық баласының бар екендігі ескерілді.