Алматыда «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектерінің күні» өтеді
АЛМАТЫ. 20 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - ҚазҰУ тарихында тұңғыш рет жалпыуниверситеттік деңгейде Түлектер күні аталып өтеді.
Биылдан бастан жыл сайын «ҚазҰУ түлектерінің күні» мамыр айының соңғы сенбісінде тойланады. Бұл күн ҚазҰУ Түлектері қауымдастығының шешімімен және ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Биыл ҚазҰУ түлектерінің күні мамыр айының соңғы сенбісі - 28 мамырға сәйкес келеді.
28 мамырда әр жылғы ҚазҰУ түлектері университеттің бас ғимаратында бас қосады. Биыл «ҚазҰУ түлектерінің күні» 10.45-те ҚазҰУ қалашығындағы Әл-Фараби ескерткішіне және Ө.А.Жолдасбеков ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталмақ. Одан кейін қонақтар, оқытушылар, студенттер, түлектер Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайындағы Түлектер күнінің салтанатты ашылуын тамашалайды.
Шара барысында ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов арнайы құттықтауын жеткізіп, үздік түлектер марапатталады деп күтілуде.
Сонымен қатар ҚазҰУ түлектері қауымдастығының қызметінен тұсаукесерлер көрсетіледі.
Мерекелік бас қосу сағат 12.00-де ҚР еңбек сіңірген ұжымы Құрманғазы атындағы халық аспаптар академиялық оркестрінің концертіне ұласады.
Бұл күні қазұулық түлектер, сондай-ақ университеттің 75 жылдығына орай ашылған ҚазҰУ-дың мұражайымен танысып, өз факультеттерімен кездеседі.
ҚазҰУ түлектерінің күні «Түлектер балымен» қорытыланбақ.