Алматыда «Алаштың аманатын арқалаған» азаматтарға құрмет көрсетілді

АЛМАТЫ. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Мәдени саясат және өнертану институтының директоры Ерлан Сайыров мәдениет қайраткерлеріне «Алаш аманатын арқалаған азамат» деп аталатын сыйлықты табыс етті,

Алматыда «Алаштың  аманатын арқалаған» азаматтарға құрмет көрсетілді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны Астанадағы «Аманат» интеллектуалдық пікірсайыс клубы тағайындаған болатын. Клуб төрағасы Берік Уәлидің қолы қойылған мәртебелі бұл сыйлық Айт-парк жетекшісі, мәдениеттанушы Нұрлан Ерімбетов пен Шығыс Қазақстан облысының, Күршім аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Еркін Жангүдеевке берілді. Олар Мәдени саясат және өнертану инстиутының жанынан құрылған «Тағылым» мәдени-интеллектуалдық клубының «Қала мәдениеті мен ауыл мәдениеті арасындағы айырмашылықтар» деген тақырыпта өткен отырысына негізгі пікірсайысшы ретінде қатысқан болатын. Қонақтарды институттың арнайы дипломымен марапаттаған Ерлан Сайыровтың айтуынша, қазақ мәдениетінің дамуына қос азаматтың да қосқан үлесі қомақты. Нұрлан Ерімбетов қазақ қоғамында үлкен құбылыс әкелген пікірсайыс орталығын құрды. Ал Еркін Жангүдеев мәдениет ошақтары жабылып, аукционға түсіп сатылып жатқан кезде 8 клубты сатып алып, олардың жұмысын қайта жалғастыруына септігін тигізіп, ел экономикасы түзелген кезде 2006 жылы мемлекетке тегін қайтарып берген.