Алматыда «Алатау» ауданының құрылғанына 1 жыл толу құрметіне аламан бәйге өтеді
АЛМАТЫ. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Жанар Шағалақова/ - Алматыда шілденің 4-і күні Алатау ауданының құрылғанына 1 жыл толуына орай аламан бәйге өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы қаласында Алатау ауданының жеке шаңырақ құрғаны баршаға мәлім. Ел мүддесінен шығуды басты мақсат еткен Үкімет пен қала әкімдігі жаңа ауданның қарыштап дамуына бар жағдайды жасап, ерекше көңіл бөлуде. Олар аудандағы біршама ауқымды жұмыстардың ұйытқысы бола білді. Соның бірі ретінде Алатау ауданы әкімдігінің ұйымдастыру тобы ауданның 1 жасқа толу қуанышына орай аламан бәйге ұйымдастырмақ. Той «Шаңырақ-2» шағынауданындағы аудан әкімдігі ғимаратының алаңында сағат 10.00-де басталады. Ал бәйге Боралдай аумағында өтпек. 25 шақырымдық аламан бәйгеде I-орын «Джип» автокөлігімен, II- орын жеңіл автокөлікпен, ал III - орын ақшалай сыйлықпен марапатталады. Құнан бәйгедегі 11 шақырым межені бірінші болып алған тұлпар иесіне жеңіл автокөлік, ал екінші және үшінші орынды алған жеңімпаздарға ақшалай сыйлық берілетін болады.