Алматыда алдағы жылы жаңа технологиялар бойынша екі орталық ашылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында алдағы жылы жаңа технологиялар бойынша екі орталық ашылады.

Алматыда алдағы жылы жаңа технологиялар бойынша екі орталық ашылады

Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке парктің жұмысы жөнінде баяндай келе «Инновациялық технологиялар паркі» Автономиялық кластерлік қорының бас директоры Санжар Кеттебеков мәлімдеді.

«Қазіргі таңда «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында тіркелген компаниялардың қатары сапа жағынан жаңартылды. Күні бүгінге дейін 41 қатысушы тізілімнен шығарылып, жаңадан 35 компания қосылды. Қазір жаңа компанияларды белсенді түрде тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы жылы жаңа технологиялар бойынша екі орталықты іске қосамыз. Басты бағыт - 4.0 индустриясы және Ақылды қала. Сонымен қатар, Ұлттық банкпен 4 қанатқақты жоба бойынша келісім жүргізіліп жатыр. Осы жобаларға қолдау көрсетуіңізді сұраймыз» - деді С. Кеттебеков.

Өз кезегінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов паркте екінші кезектегі құрылыс жұмыстары биыл қазан айында аяқталатындығын жеткізді.