Алматыда әлеуметтік ахуалы нашар отбасынан шыққан талантты балалар мен жеткіншектерге арналған «Сурет өнері» студиясы ашылады
АЛМАТЫ. 28 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - 30 мамырда «Бөбек» Ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығында әлеуметтік ахуалы нашар отбасынан шыққан талантты балалар мен жеткіншектерге арналған «Сурет өнері» студиясының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
9-15 жас аралығындағы балалар қатысатын студияны ашудағы басты мақсат тұрмыстық жағдайы нашар отбасынан шыққан дарынды балаларға әлеуметтік қолдау көрсету, ізгі құндылықтарды бойларына сіңіру арқылы өз дербестігін саналы түсінуге жағдай жасау, бейнелеу өнеріне бейімді жастарды тарту арқасында шығармашылығын жетілдіру, балалар шығармашылығына барша қауымдастықтың назарын аудару болып табылады.
Студияның ашылуы балалар мен жеткіншектерге сапалы білім алуға жаңа мүмкіндіктер береді. Бейнелеу өнерінің жұмысымен танысқан бала бойындағы дарынын жетілдіруге, білімін тереңдетуге және осы салада мол тәжірибе жинақтаған хас шеберлермен бетпе-бет кездесіп тәлім-тәрбие алуға жол ашпақ. Шара барысында сондай-ақ шеберлік дәрістері, байқаулар, экскурсиялар мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады.
Студия жұмысының қорытындысы бойынша үздік деп танылған жұмыстар негізінде көрме өткізіледі. Ең үздігін «Самопознание. KZ» журналында жариялап, www.bobek.kz сайтында орналастыратын болады.