Алматыда әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін жедел штаб құрылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін жедел штаб құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін жедел штаб құрылды

Жаңадан құрылған штаб азық-түлік бағасын өсірмеу, жұмыс орнын сақтап қалу, тұрғындардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігіне қолдау көрсету бойынша дағдарысқа қарсы жоспарды әзірлейді және жүзеге асырады.

Апта ішінде қала әкімі басқаратын штаб дағдарысқа қарсы жұмыс жоспарын әзірлейтін болады. Басты назарда –әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға қолдау көрсету, жұмыс орнын құру әрі сақтап қалу,еңбекақыны дер кезінде төлеу, шағын және орта бизнес пен экономиканың нақты секторына қолдау көрсету.

Сонымен қатар, барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалатын болады. Абаттандыру, құрылыс, жол, инженерлік желілерді жөндеу бойынша инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асады. Бұл – жұмыс орындарын сақтап қалуға ықпал ететін болады. Бюджетті оңтайландыру мақсатында әлеуметтік емес, оның ішінде имидждік шығындар қысқарады.