Алматыда әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі өтіп жатыр
; АЛМАТЫ. Наурыздың 18-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Интеллектуалды жасампаз қоғам: білім және жаңа технологиялар» атты әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жәрмеңкеге қатысушылар өз идеяларын ұсынып, бейне таспада жобаларының тұсаукесерін жасауда.
«Жәрмеңкеге жеті бағыт бойынша 230-дан аса жобалар ұсынылды. Барлық жобалар жәрмеңкенің атына сай. 20-дан аса ең үздік деп танылған жобаларды ҚР Тұңғыш Президенті қоры қаржыландыратын болады. Әр гранттың сомасы 1 миллионнан 1,5 миллион теңгені құрайды», деді ҚР Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов. Оның айтуынша, шараның мақсаты - қоғамды еліміздің әлеуметтік -экономикалық маңызы бар мәселелерін шешуге тарту, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсету болып табылады.
Жәрмеңкеге қатысушы «Alatau IT City» ақпараттық- технологиялық паркін дамыту ықпалдастық қауымдастығының президенті Әмірет Қонысбаевтың пікірінше, бүгінгі күні мемлекет, бизнес, ғылым және азаматтық қоғам арасында өзара әрекеттестік сындарлы қарым-қатынас қажет. "Үкіметтік емес ұйымдардың қатысуынсыз парктің толыққанды және нық дамуы туралы айту қиын. Біздің мақсатымыз -паркті дамытуға, ұсыныстар беру арқылы заңдық түрғыда іске асыру", деп атап өтті ол.
Жәрмеңкеге қатысушылар арасында "Моделистер және құрастырушылар одағы" қоғамдық бірлестігі де болды, олар инновациалық технологиялар орталығын құру және жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту институтын ұйымдастыру жобасын ұсынған. Аталмыш бірлестіктің президенті Марғұлан Құрмет өзі ойлап тапқан тікұшақтың макетін ұсынды. Оның айтуынша, тікұшақ бейне бақылауға арналған. "Тікұшақты әсіресе, төтенше жағдайлар кезінде қолданған ыңғайлы. Оны өз елімізде жасап шығаруға болады. Осындай аппарат Ресей мен Еуропада бар. Менің аппаратымның артықшылығы - оны 200 есе арзан бағаға шығаруға болады", деп атап өтті ол.
Шара барысында бүгін, сондай-ақ «Ғылым және инновациялар - Қазақстанның интеллектуалдық көшбасшылығының негізі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы болады.