Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өскен жоқ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2020 жылдың ең маңызды міндеттерінің бірі - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тежеу міндеті орындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өскен жоқ

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Алматы әкімдігі жұмысындағы басымдықтардың бірі.

Оның ішінде 19 аталым бойынша бағалар бақылауда болды.

Бағдарлама жеке сауда-бөлшек сауда желісі, сондай-ақ серіктестердің сауда желілері арқылы жүзеге асырылды. Қорлар тек отандық өнімдерден тұрады. Бағаларды тежеу үшін түрлі механизмдер қолданылады.

28 сауда павильоны мен 11 «демалыс күнгі» жәрмеңкесі арқылы азық-түлік тауарларының негізгі түрлері, оның ішінде 19 түрлі азық-түлік сатылады.

Онда 15%-дан аспайтын шекті сауда үстемелері белгіленген. Өнім бағасы қала бойынша орташа нарықтық бағадан 10-20%-ға төмен.

ТЖ мен карантинді енгізу қажетті тауарларға сұраныстың артуына себеп болды. Алматыда сұранысқа ие бола бастаған негізгі өнімдердің бірі қарақұмық жармасы болды. Сондықтан халықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін Алматы әлеуметтік кәсіпкерлік коропорациясы (ӘКК) тұрақтандыру қорынан 348,1 тонна көлемінде қарақұмық жармасының интервенциясын өткізді. Тауар сауда желілері арқылы 305 теңге/кг баға бойынша сатылды, ал сол кездегі орташа нарықтық баға 339 теңге/кг болған.

Сауда желілері, әлеуметтік павильондар мен «демалыс күнгі» жәрмеңкелері арқылы 235 тг/кг (сөреде 240 тг/кг) бағамен 1 500 тонна көлемінде қант бойынша тауар интервенциясы жүргізілді.

Сонымен қатар, 2019 жылы Алматы ӘКК 2 000 тонна көлемінде қант сатып алды. Осы жылы бұл көлем сатып алу бағасы бойынша 215 тг/кг (сөреде 220 тг/кг) сатылды.

Кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген қарыздар беріледі. Осы тетіктің шеңберінде кәсіпкерлік субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу бойынша қатаң міндеттемелерді орындайды. Сонымен қатар серіктестер қарыздар бойынша бөлінген ақшаны Алматы ӘКК бюджетіне қайтарады.

Осы «айналымды» кесте бойынша мына кәсіпкерлік субъектілерімен шарттар жасалды:

- «Magnum Cash&Carry» ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 10 позициясына (қарақұмық, түтік кеспе, 1-сұрыпты ұн, күріш, тауық еті, жұмыртқа, сүт, айран, сүзбе, сары май) 2,112 млрд теңге жалпы сомасына 5,9 мың тонна көлемінде;

- «Magnum Cash&Carry» ЖШС көкөніс өнімдеріне (картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз) 1,709 млн теңге жалпы сомасына 14 608 тонна көлемінде;

- «Сабыржан Company» ЖШС ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 7 позициясына (1-сұрыпты ұн, нан, қарақұмық, күріш, түтік кеспе, тауық еті, сары май) 255 млн теңге жалпы сомасына 912 тонна көлемінде;

- «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты» ЖШС қалыпты нанға 1 млрд теңге жалпы сомасына 23,8 мың тонна көлемінде;

- Asyl Meat» ЖШС сиыр етіне (жауырын-төс бөлігі) 42 млн теңге жалпы сомасына 63,7 тонна көлемінде.

Кешенді шаралардың арқасында 2020 жылы Алматы тұтыну бағаларының төмен индекстеріне және республикадағы нан бағасының ең төмен деңгейіне жетті.