Алматыда әлеуметтік шиеленістерді қарастыру мен шешу жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда әлеуметтік шиеленістерді қарастыру мен шешу жөніндегі қоғамдық кеңестің ағымдағы жылғы алғашқы отырысы өтті.
Онда Қоғамдың кеңестің Алатау ауданындағы жер телімдерін заңдастыру мәселесі жөніндегі 2010 жылғы 6 мамырындағы шешімінің орындалуы қаралды.
«Бүгінде өз бетімен жер басып алу әрекеттері толығымен тоқтатылды. Арнайы жүргізілген түгендеу кезінде аудан бойынша 4523 заңсыз жер телімдері басып алынғаны анықталды. Қазіргі кезде олардың 3590-ы бойынша заңдастыру жөнінде шешімдер шығарылып, мемлекеттік актілері табыс етілді. Заңдастыруға жатпайтын түрлі қорғау аумақтарында орналасқан 1200-ге жуық жер телімдері де қала басшылығының қолдауымен өз шешімін табуда. Бүгінгі таңда аталмыш жер телімдерінде орналасқан тұрғындарға қауіпсіз аймақтардан тұрғын үй салып беру мәселесі бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде», - дейді аудан әкімі Бағдат Мәнізоров.
Оның айтуынша, ауданда сондай-ақ, іргетасы ғана орналасқан 384 жер телімі анықталып отыр. Оның 22-сі су қорғау аумағында, 4-уі газ қорғау аумағында, 6-сы «Крона плюс» ЖШС-і жерінде. Ал 28-і Борашевтің шаруа қожалығының жерінде, 9-ы зираттардың санитарлық аумағында, 115-і өзге жерлерде орналасқан.