Алматыда алғашқы балалар хосписі ашылды

АЛМАТЫ. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда онкологиялық аурулармен ауыратын балаларға арналған алғашқы хоспис ашылды.

Алматыда алғашқы балалар хосписі ашылды

"Балалар хосписі ашылуының негізгі мақсаты - әлі ешнәрсені көріп те, сезіп те, біліп те үйренбеген, өмірге келгеннен осындай қатерлі ауруға (ісікке) шалдыққан балалардың хәлін сәл де болса жақсарту, балаға және олардың ата-анасына медициналық, психологиялық көмек беру болып табылады",-деді "Саламатты Азия" қоғамдық қорының президенті Нағима Плохих.

Оның айтуынша, хоспистегі балалар тегін емделеді. "Мұнда бір мезгілде 9 науқас қабылданып, емделе алады және олар үш апта бойы жатады. Сонымен қатар басқаларға арнайы дайындалған бригада үйіне барып та көмек көрсететін болады. Негізгі емделушілер - дауасы жоқ онкологиялық аурулармен ауыратын балалар. Хоспис шетелдердегі сияқты, тек жанашыр адамдардың жинаған, берген қаражатына ғана өмір сүрмек, яғни ол қаражат көмек 75 пайызды құраса, ал қалған қаражаттың - 25 пайызын Алматы денсаулық басқармасы беретін болады. Оған хоспистің қызметкерлеріне қаражат, дәрілер алынады және басқа коммуналдық төлемдер төленеді. Қазір қордың алдында үлкен міндет тұр. Хосписке қажетті жиһаз, медициналық төсектер, екі жедел жәрдем машинасын, балаларға керекті ойыншықтар мен тағы да басқа керекті жабықтарды алуымыз қажет. Ашылатын хоспистің ауласына ойын алаңын жасап, хоспистің ішіндегі бөлмелерін ертегі кейіпкерлерінің суреттерімен көркемдеп, балаларға мейлінше, үйдегі жағдайды жасау мақсаты тұр",-деді Н. Плохих.

Оның айтуынша, жылына елімізде 500 ге жуық бала қатерлі ісік ауруларына шалдығады. "Бүгінгі таңда 7000- дай бала осындай аурулармен есепте тұр. Алматы қаласының өзінде 27 бала тіркелген. Қатерлі ісікпен ауырған балалардың 60-70 пайызы аурудың үшінші-төртінші өсу сатысында анықталады, бұл уақыт ісіктің денеге жайылып, тарап, онымен күресуге медицинаның күші келмейтін кез. Мұндай науқастарға қарау ата- анаға түсетін үлкен ауыртпалық екені айтпаса да түсінікті ",-дейді ол.

Бұл мекеме еліміздегі алғашқы ілкі жоба ретінде ашылып отыр. Кейін республикамыздың басқа қалаларында да ашылады деп жоспарлануда.

Аталмыш емдеу орыны "Саламатты Азия" қоғамдық қорының президенті Нағима Плохихтің ұйымдастыруымен ашылды. Алматы әкімдігі ғимарат бөліп, оның жөндеу жұмыстарын жүргізген. Мұнда қызмет ететін дәрігерлерге шет елден келген паллиативтік көмек беру ісінің мамандары дәріс оқып, шеберлік сыныптар өткізетін болады.