Алматыда Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерекесінің шаралары қорытындыланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Желтоқсанның 27-і күні Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында сағат 11-00-де дөңгелек үстел отырысы өтіп, онда тарихшылар мен ғалымдар, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығын мерекелеуге қатысты атқарылған шаралардың қорытындысын шығармақ. Сонымен қатар отырыста қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметіне қатысты қызықты фактілер айтылады.

Алматыда Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерекесінің шаралары қорытындыланады

Дөңгелек үстел отырысының аясында Қазақ географиялық қоғамының қолдауымен жарыққа шыққан «Әлихан әлемі» атты кітаптың тұсаукесері өтеді. Кітаптың авторы қазақтың белгілі ғалым-алаштанушысы Қайырбек Кемеңгер. Басылымға арналған материалдардың бір бөлігі ғалым, ағартушы, саясаткер Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған экспедиция барысына Қазақ географиялық қоғамының өкілдері жинады.

Айта кетейік, өткен жазда елімізге танымал тарихшылар, алаштанушылар Қазақстан-Ресей-Беларусь бағыты бойынша, Қазақ географиялық қоғамы ұйымдастырған Әлихан Бөкейхановтың мұраларын зерттеу экспедициясына қатысты. Кітап оқырмандарды Әлихан Бөкейханның өмірі мен еңбектері жөніндегі қызықты фактілермен таныстырып, насихаттауға арналды.

Шараға кітаптың авторы, доцент, ЕҰУ-нің ғылыми қызметкері Қайырбек Кемеңгер, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер инстиутының бөлім меңгерушісі Айгүл Ісмақова, ҚР Ұлттық банкінің бас дизайнері Алмат Басенов қатысады.