Алматыда Алла Алтынованың тұңғыш кітабы жарық көрді
Ы. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасында прозаик Алла Алтынованың «Роза ветров» атты орысша кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш кітап автордың тұңғыш туындысы. Кітап 1000 данамен, 2009 жылы қараша айында Санкт-Петербор қаласының
«Пропаганда» баспасында жарық көрді. Шығарма авторының айтуынша, бұл шығарманы ол 4 ай ішінде, бір деммен жазып шыққан. «Қайдан екенін білмеймін, шығарма ішкі дүниемнен шығып жатты. Тез арада жазып шығамын деп ойламадым. Бұл құдайдың бергені шығар. Негізі әкем жазушы. Мүмкін әкемнен де дарыған шығар», дейді Алла Алтынова.
«Автордың шын аты Ғалия Өтепбекова - ол бүгінгі заманғы әйел, кәсіпкер, екі баланың анасы. Кітап бүркеншек атпен шығып отыр. Шығарма орыс тілінде жазылғанмен, қазақтың рухы бұрқырап тұр. Кітап деректі повесть емес, өз өміріндегі болған оқиғалар мен тағдыр туралы өз пікір, ұғынымын жеткізген, көркем әдеби шығарма. Бұл кітапті өмірбаяндық шығарма деуге де болады. Туындының тәлімдік тәрбиелік мәні бар. Авторды әлеуметтік мәселелер, әсіресе жетім балалар мәселелері, сонымен қатар, отбасы беріктігі мен ана міндетінің маңыздылы толғандыратыны кітапта анық байқалады. Қуаныш пен өмір сынағы, махаббат пен адал сезім, жауапкершілік, ар-ождан, отбасы беріктігі - осы мәңгілік тақырыптардың барлығы шығармада көрініс тапқан», дейді прозаик Үміт Тәжікенова.
Алла Алтынова 1980 жылы Плеханов атындағы Қиыр Шығыс сауда институтына түсіп, 1986 жылы Алматы Халық шаруашылық институтын тәмамдаған. Алматы қаласында тұрады. Жеке кәсіпкерлік ісімен айналысады.