12:49, 14 Наурыз 2009 | GMT +5
Алматыда алма бақтары қайта қалпына келтіріледі
АЛМАТЫ. Наурыздың 14-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда Табиғат ресурстары мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бүгіннен бастап алма ағаштарының көшеттерін отырғызуды бастады.
Шаһардың рәмізіне айналған жемісті қайта қалпына келтіру мақсатында алманың «Алатау шұғыласы» және «Алтын асыл» сорттарын өсіру қолға алынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Бұл іс-шара «Оңтүстік» паркінен басталады, бұнда 150 көшет отырғызылмақ. Сондай-ақ әл-Фараби даңғылының жасыл аймағында алма ағаштарын егу жоспарланып отыр. Барлығы жергілікті ауа райына бейімделген 1000 түп көшет отырғызу көзделген. Олардың басым бөлігі саябақтар мен жасыл желектер аумағында егілетін болады.Жалпы жыл басынан бері қалада 1388 ағаш көшеттері отырғызылған. Олардың ішінде 773 жапырақты, 615 қылқан жапырақты тұқымдас ағаштар. Қазірде шаһар көшелерінде еуропалық шыршалар, канадалық қайың, емен түрлері және өзге де жасыл желектер пайда болуда.2009 жылы бюджеттік қаржы есебінен 4977 көшет және қайта қалпына келтіру жолымен 7000-нан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Қаладағы аудан әкімдіктерінің бастамасымен 5500 көшет егу көзделген. Барлығы биыл 17 497 ағаш жапырақ жаймақ.