Алматыда Алмалы ауданы 75 жылдық мерейтойын атап өтуде
АЛМАТЫ. 7 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алмалы - Алматының мәдени және ғылыми орталығы. Оны қала әкімінің 1-орынбасары Мәулен Мұқашев бүгін Абай атындағы опера жәрне балет театрында өтіп жатқан Алмалы ауданының 75 жылдығына арналған салтанатты жиында айтты.
"Алматы үшін биылғы жыл ерекше. Қаланың 3 ауданы 75 жылдық мерейтойын атап өтуде. Оның ішінде Алматының мәдени, ғылыми орталығы саналатын Алмалы ауданы да бар", - деді М. Мұқашев. Онда аудан әкімі Марат Пірінбеков Алмалыға әр жылдары жетекшілік етіп, оның дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Шәмшә Беркімбаева, Айгүл Қыдырбекова, Серікбай Нұрғисаев, Қайрат Төкенов сияқты азаматтарға сый-сияпат көрсетті.
Жалпы қазіргі таңда бұл ауданда 19 жоғары, 18 орта оқу орындары, 29 жалпы мектеп және 5 музыкалық, 4 спорттық мектеп бар. Онда 80 мыңнан астам студент оқиды. Бұл қала жастарының үштен бірін құрайды. Бұдан бөлек 24 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер түрлі деңгейдегі жалпы білім беру мекемелерінде тәлім алуда. Алмалы ауданында республикалық және жергілікті маңызы 54 тарихи, мәдени және сәулеттік ескерткіштер орналасқан. Алматыда жастардың үштен бірі шоғырланған.