Алматыда «Алматы жылу» МКК холдингі құрылды
АЛМАТЫ. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыны жылу энергиясымен қамтамасыз етумен бір ғана холдинг айналысатын болады. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қаланың оңтүстік-шығыс қазандығын көру сапары кезінде мәлімдеді.
«Алматы жылу» МКК құрамына «Алматы жылу желілері» ЖШС және «Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС компаниялары кіреді. Ондағы «Алматы жылу желілері» ЖШС жылу энергиясын беру мен тарату жұмыстарын атқарады. Ал «Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС бу мен ыстық су түріндегі жылу энергияларын өндіру, беру және тарату жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, оны қолданушыларға бақылау жасап отыратын болады.
«Бүгінге дейін қаламызда жылуэнергиясының жетіспеушіліктері болып келді. Ендігіде холдингке жылу шаруашылығын жеткілікті әрі ысырапсыз ету міндеттері қойылып отыр», - деді қала әкімі.
Қаланы жылумен бір ғана компания қамтамасыз ететін болғандықтан, оның тарифтері де бірдей болмақ. Бұған дейін жылуэнергия тарифтері әр компанияның талабына сай әр түрлі болып келген еді. Қазіргі уақытта қала басшылығы нақты бағаны белгілеп те қойды. Ол антимонополия агенттігінің бекітуінен кейін енгізілетін болады.
Қаланың барлық қазандықтары қазір түрлендіру қарсаңында тұр. Сонымен бірге, газ бен судың қолданылу мөлшерін есептеп отыратын, өндірілген жылудың анық әрі нақты көлемін беретін автоматты жылу есептегіш құрылғысы енгізілу үстінде