Алматыда «Алматыбасжоспар» ғылыми- зерттеу институты құрылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен «Алматыбасжопар» институты құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ведомство «Ақпараттық - технологиялық орталық» ЖШС базасында жарғылық капиталы 100% мемлекеттің қатысуымен құрылып отыр.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, аталған ғылыми -зерттеу институты Алматы мен қала маңындағы аймақтарды халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, дамыту және қала құрылысын жобалауға қатысты жобалау, сараптама жасау, нормативті - әдістемелік жұмыстарды атқару мақсатында құрылған.
Жаңа ұйым барлық жобалау жұмыстарының жалғыз үйлестірушісі болмақ. Яғни қала құрылысы тораптарын, құрылыстың сыртқы келбетін, қала бойынша жүргінші аймақтарын жобалау жұмыстарын дайындап, шеберлік- жоспарларын әзірлейді.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы биылғы жылдың қыркүйек айында оңтүстік астананы дамыту жөнінде өткен кеңесте қала тұрғындары санының өсуіне және оның аумағын кеңейтуге қатысты жасалған бас жоспарға жауап беретін институтты қайта құру туралы мәселе көтерген еді.
Фото:almaty.gov.kz