Алматыда «Алтын қалам» сериясымен 12 бірдей кітап жарық көрді
Ы. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Қазақстан Жазушылар Одағында «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаевтың ақын-жазушылармен, ғалымдармен, депутаттармен, өнер және мәдениет қайраткерлерімен кездесуі өтті. Кездесу барысында Қазақстан Жазушылар Одағының 75 жылдығы аясында, «Нұр Отан» партиясының тікелей қолдауымен жарық көрген «Алтын қалам» сериясымен шыққан кітаптардың тұсау кесері болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл Қазақстан Жазушылар Одағына, қасиетті қарашаңыраққа екінші рет келіп отырмын. Біз Жазушылар Одағымен әрқашан тығыз байланыстамыз. Партиямыздың төрағасы Н.Ә.Назарбаев үнемі қазақ әдебиеті өкілдеріне қамқор жасап жүреді. Бүгінгі тұсау кесер - Елбасының тапсырмасы. Тапсырманы орындау мақсатында, сонымен қатар Жазушылар Одағының 75 жылдық мерей тойы қарсаңында сыйлық ретінде осындай жоба жасадық. Жалпы, мұндай жобалар қалыптасқан жүйе болуы керек», деді «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев.
«Алтын қалам» сериясының мақсаты - ұлт мәдениетінің мәйегі, діңгегі саналатын қазақ әдебиетін насихаттау, жаңғырту, дамыту болып табылады. Осы ізгі бастаманың аясында қазақ әдебиеті классиктерінің 12 кітабы жарық көрді. Жарыққа шыққан шығармалардың барлығы қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алатын озық әдеби туындылар. «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп қолға алған жобаның нәтижесі ретінде бүгін халқымыздың біртуар ұлдары М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Қ.Аманжолов, М.Мақатаев секілді классиктердің бір-бір томдық таңдамалылары алғашқы сериямен шығып, оқырмандарға жол тарту алдында тұр. «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп ұлы Абай данамыз айтқандай, даңқты қаламгерлердің кітаптары әр оқырманның төрінен табылар деген ойдамын», деді «Алтын қалам» ақылдастар алқасының төрағасы, жоба жетекшісі, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, көрнекті ақын, драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.
«Алтын қалам» сериясының ерекшелігі - бұл серияның аясына нақты тарихта қалатын, әдеби орта, оқырман мойындаған жауһар туындылар ғана топтастырылған. Алғашқы серияға ХХ ғасырдың ұлы жазушылары, қазақ әдебиетінің классиктері, көркем сөздің қайталанбас шеберлері, көрнекті, дүлдүл ақындардың ең таңдаулы өлеңдері мен шығармалары еніп отыр. Кездесуде кітаптардың тұсау кесерімен қатар қазіргі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің жай-күйі, болашағы талқыланды.