Алматыда «Алтын орда» базары маңындағы автожол асфальтталады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Алтын орда» базары маңындағы тасжолға асфальт төселеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазавтожол» «ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл Алматы - Бішкек тас жолының 16-дан 19-шақырымына дейінгі аралықтағы үстіңгі қабатына асфальт төселеді. Нақты мерзім мемлекеттік сараптама нәтижесінде анықталады.
«Мамандар асфальт төсемес бұрын жол бойына тротуар салып, жерасты өткелдерінің шатырын жабады және оны бояйды. Сонымен қатар қоршау орнатып, жол таңбасын сызады»,- деп атап өтті компанияның баспасөз қызметі.
Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ «Алтын Орда» базары маңындағы екінші жол айрығының құрылысы қашан аяқталатынын айтқан болатын.
Еске салайық, 2021 жылдың желтоқсан айының соңында «Алтын орда» базары маңындағы «Алматы-Райымбек» учаскесінде жаңа бас магистральдық эстакада пайдалануға берілді.
Автожол учаскесінде басты магистральдық эстакада, «таға» үлгісіндегі бұрылыс эстакадасы, Ақсай өзені арқылы өтетін көпір және жерүсті жаяу жүргіншілер көпірі салынды.