Алматыда «Алтын Орда» базары жанындағы эстакаданың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қазавтожол» ұлттық компаниясында Алматыдағы «Алтын Орда» базарының жанындағы эстакаданың құрылыс жұмыстары қалай жүріп жатқаны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта «Алматы-Бішкек» тас жолының «Алтын Орда» базары жанындағы учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстарын іске асыру шеңберінде негізгі жұмыстар басты магистралдық эстакадада жүргізілуде. Оған 215 адам, 30 бірлік техника жұмылдырылып, түнгі ауысым ұйымдастырылды. Жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде»,- деп мәлімдеді ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта эстакаданың сол жағындағы аралық құрылыстарды құю жұмыстары толық аяқталды. Енді арқандарды тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, монолитті плитаны құю және асфальтбетон жабынын салу жұмыстары басталды.
Эстакаданың оң жағында монолитті аралық құрылысты құюға арналған металл конструкцияларын монтаждау жұмыстары жүруде. Монолитті аралық құрылыстың бетонын құюға арналған қалыптарды монтаждау жұмыстары бітуге жақын.
«Монолитті аралықты бетондау жұмыстарының көбі аяқталды. Жалпы 1200 метр конструкцияның бүгінде 194 метрі ғана қалды. Ары қарай жабынды орнату жұмыстары жүреді»,- деп нақтылады «ҚазАвтоЖол» өкілдері.
Басты магистралдық эстакада жұмыстарынан бөлек, көпірдің кіреберістерінде жол киімінің қабаттарын орнату жұмыстары жүріпжатыр.
«Бетондау жұмыстары аяқталған соң, құрылыс нормалары мен ережелеріне, сондай-ақ, жұмыс жобасына сәйкес, конструкцияның статикалық және динамикалық сынақтары басталады. Осыдан соң магистральдық эстакада бойында жол жүруді қамтамасыз ету жоспарлануда»,- деп атап өтті компанияда.
Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев аталған жолайрықтағы құрылыс жұмыстары қазан айының соңына дейін толық аяқталатынын айтқан болатын.