Алматыда американдық дәрігер Роберт Бакендорф аутизм сырқатына қатысты тегін семинар өткізді

АЛМАТЫ. 11 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда аутизм сырқатына байланысты ерекше семинар өтіп жатыр. Оны АҚШ-нан келген дәрігер, ғылым докторы, логопед маманы Роберт Бакендорф «Алматы» қонақүйінің конференц-залында тегін өткізуде.

Алматыда  американдық дәрігер Роберт Бакендорф аутизм сырқатына қатысты тегін семинар өткізді

«Мен осы сынды көшпелі семинарларды ата-аналар үшін ғана емес, тәрбиешілерге де, кеңесшілер мен дәрігерлерге өз қаражатыма тегін өткізіп тұрамын. Ондағы мақсатым - өз білгеніммен бөлісу, көмеке мұқтаж жандарға қол ұшын беру болып табылады»,-деді Р.Бакендорф.

Аутизм ауруын тиімді емдеуді зерттеген Роберт Бакендорф дәрігердің семинары кеше басталған. Қазір семинар жұмысына - Даун сырқатына шалдыққан балалардың ата-аналары мен тәрбиешілері, дәрігерлер мен кеңесшілер қатысуда.

Семинар барысында сырқатты емдеу, диагнозды қою, аутизмге шалдыққан балалармен отбасындағы жұмыс, оладың тілі мен сөйлеуін дамыту, айналасындағы адамдармен қарым-қатынас, тілдік жаттығулардың түрлері, ондай балалардың ерекшеліктері және бұдан өзге де аутизм сырқатына байланысты тақырыптар сөз болуда.

Американдық дәрігер семинармен қатар, бүгін аутизммен ауыратын балаларды жеке қабылдады.

Дәрігердің айтуынша, ол Астанада да осы сынды екі күндік семинар өткізетін болады. Астанадағы семинардың жұмысы ертең басталады.

«Семинарды өткізу идеясы, менің досымның баласының Даун синдромымен дүниеге келгеннен пайда болды. Әкесі де, туған-туыстары, біз де әр түрлі ақпарат көздері арқылы емделудің тәсілдерін, сонымен қатар, жақсы дәрігерді іздей бастадық. Осылайша, аутизм саласының маманы Бакендорф дәрігерге шықтық. Ол бірден келісімін берді. Жалпы, аутизм бүгінде - аз зерттелген аурудың түрі. Өкінішке орай, елімізде ондай балалармен жұмыс істеу әдісі дамымаған. Сондықтан, бұл тегін өткізілген семинар мұндай балалардың ата-аналары үшін үлкен сыйлық болды деп ойлаймын»,-деді дәрігерді шақырған жерлесіміз Мәди Әубакиров.