Алматыда «Ән Мұхиты» деп аталатын кеш өтеді

Оны «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі мен әл -Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Мұхит (Мұхамбеткерей) Мерәліұлы 1841 жылы қазіргі Бабыс Қазақстан облысы Қарататөбе ауданы Ақбақай ауылында өмірге келіп, 1918 жылы туған жерінде көз жұмды. Мұхиттың туған ағалары - Паңгерей, Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіп шетінен әнші, күйші, скрипкашы өнерпаз адамдар болған. Олардың ішінде тек Мұхит қана бүкіл өмірін өнерге арнайды. Оның әншілік, ақындық, күйшілік мұрасын кейінгі ұрпаққа балалары - Шоң, Нәу және немерелері - Шайқы, Лұқпан, Ғұбайдоллалар жеткізді. Мұхит әндерін орындаушылық дәстүрін Ғ.Құрманғалиев, Т. Ибрагимова, Н. Әбілова және тағы басқа өнерпаздар ілгері дамытып, халық арасында насихаттады. Соның нәтижесінде М. Мерәліұлының әндері жеке жинақ болып басылып, оның шығармашылығы туралы зерттеу жұмыстары жазылды. Мұхиттің «Алуаш» әнін Е. Брусиловский «Жалбыр», «Үлкен Ораз» әнін «Қыз Жібек», «Дүние» әнін «Ер Тарғын» операларында пайдаланды. Ал Б. Ерзакович «Айнамкөз» әнін өзінің ішекті аспаптар квартетіне, Л. Шаргородский мен С. Шабельский «Симфоньеттасына» тақырып етіп алды.