Алматыда «Аңыз домбыра» республикалық байқау-бәйгесі өтіп жатыр (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптары музейінде домбыра аспабын жасаушы қолөнер шеберлері арасында «Аңыз домбыра» атты 1-ші республикалық байқау-бәйгесі басталды.

Соның алдында ұйымдастырушылар журналистермен кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізген болатын. 

«Байқаудың мақсаты - қазақтың ұлттық құндылықтарының бірі, ғасырлар бойы әрбір қазақ отбасының төрінен орын алып келе жатқан қасиетті қара домбыраның мәртебесін көтеру, оны жасаушы шеберлердің өнерін жандандыру. Сондай-ақ, жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен құрметін ояту», - деді ө сөзінде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейінің директоры, жыршы Ұлжан Байбосынова.

Өз кезегінде ҚР мәдениет қайраткері, күйші Мұрат Әбуғазы байқаудың басты ерекшеліктеріне тоқталды.

«Республикалық деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл байқауда домбыраның екі түрлі үлгісі қатыстырылады. Бірі - Батыс Қазақстан өңірінде қалыптасқан, төкпе күй тартуға арналған кәдімгі құрама шанақты домбыра. Бұған дейінгі қандай да бір байқауларда көп жағдайда осы домбыра ғана бағаланып келгені белгілі. Екіншісі - мына Арқа мен Алтайдың арасында қалыптасқан, атақты Тәттімбет күйшіден бастау алатын шертпе күй өнерінде қолданылатын қалақ домбыра. Бұл домбыра мұндай  деңгейдегі байқауға тұңғыш рет қатыстырылып отыр. Оның құрама шанақты домбыраға қарағанда аз пайдаланылуының себебі - оны жасаушы шеберлер аз болды. Оның үстіне кезінде 1934 жылы Ахмет Жұбанов Құрманғазы атындағы оркестрді құрғанда негізінен құрама шанақты домбыралар пайдаланылды ғой. Содан бері, елімізде күйлердің барлығын дерлік осы құрама шанақ домбырамен орындау дәстүрі қалыптасты», - деді М. Әбуғазы.  

Сонымен қатар ол, байқау барысында домбыралар 7 түрлі талап бойынша бағаланатындығын айтты.

«Бірінші, домбыраның үні таза, қоңыр, тембрі жұмсақ, құлаққа жағымды болуы қажет. Екінші, ішектің тербелісі жиі болуы керек. Үшінші, дыбыс неғұрлым алысқа жетуі шарт. Төртінші, домбыраның бет қақпағының жаңғырығы мол болғаны дұрыс. Бесінші, домбыраның басы мен аяғы бірдей «сөйлеуі» керек. Алтыншы, домбыраның бауыры жұмсақ, мойны ыңғайлы келуі тиіс және жетінші, домбыраның сырт пішіні қарапайым, эстетикалық тұрғыдан әсем және үйлесімді болғаны абзал», - деді ол.

Бүгінгі байқауға бүкіл республика бойынша 60-тан астам шебер қатысуда. Байқау-бәйге барысында барлығы 120-шақты жаңа домбыраға баға беріледі. Яғни, қатысушылардың саны мен жасына шек қойылмағанымен, әрбір шебер екі домбырадан артық аспапты байқау-бәйгеге қатыстыра алмайды.

Қазылар алқасының төрайымы Ұлжан Байбосынова, ал мүшелері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Шәміл Әбілтаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер, күйші Ерболат Мұстафаев және Қазақстанның мәдениет қайраткері, күйші Мұрат Әбуғазы.

Байқау-бәйгеде 9 жүлделі орын белгіленген. Бас жүлде - 700 мың теңге. Бірінші орын алған жұмыр шанақ домбыра мен қалақ домбыраны жасаған шеберлерге  - 350 мың теңгеден табыс етіледі. Екінші орын алған қос домбыра шеберлеріне - 300 мың теңгеден және үшінші орын алған екі жұмыр шанақ домбыра мен екі қалақ домбыра иелеріне - 250 мың теңгеден сыйақы беріледі. 

Қазіргі сәтте байқау одан әрі жалғасуда. Оған Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Құрманазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан күйшілік өнердің қыр-сырын меңгеріп жүрген екі тәжірибелі студент шақыртылған. Олардың әрқайсысы өз кезегімен, байқауға ұсынылған домбыраны алдымен қазылар алқасына апарып береді. Ал қазылар алқасы домбыраны қолға ұстап, айналдыра қарап, тіпті қажет болып жатса, шертіп те көріп жатыр. Одан кейін студент қазылар алқасының сұрауы бойынша сол домбырада бірнеше күйді орындап шығады. Кейін  қазылар алқасы 1-ден 10-ға дейін сан бойынша балл қояды. Ал домбыра жасаушы шеберлер байқауға көрермен ретінде қатысуда. Олардың есімдері домбыраны бағалау барысында айтылмайды.   

Ал бүгін кешке 18.00-де осы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық  аспаптар музейінде «Аңыз домбыра» байқау-бәйгесінің қорытындысында жүлделі орын алған домбыралардың және өнер шеберлерінің қатысуымен Гала-концерт өткізіледі. 

null null null  

Соңғы жаңалықтар
telegram