Алматыда аралас жекпе-жектен «Көшпелілер шайқасы-2» Халықаралық турнирі өтеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда алдағы 30 қараша күні Бүкіләлемдік Аралас жекпе-жек өнері қауымдастығына қарасты (WMMAA) Азия дивизионының қамқорлығымен «WMMAA PRO» нұсқасының ережесі бойынша тұңғыш рет «Көшпелілер шайқасы-2» Халықаралық турнирі өтеді.
Сондай-ақ, осы турнир аясында тұңғыш рет ММА бойынша, Қазақстан Кубогының финалдық сайыстары болады. Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне аталған шараны ұйымдастырушы республикалық джиу-джитсу және аралас жекпе-жек түрлері федерациясы вице-президенті Асылбек Дүйсенов мәлімдеді.
«ММА» бойынша, Қазақстан Кубогының іріктеу сайыстары ертең Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткізіледі. Финалдық сайыстарға 6 жұп шығады. Ал Халықаралық турнир аясында барлығы бес сайыс өткізіледі.
Онда қазақстандық сайыскерлер Бразилия, Оңтүстік Корея, Ресей және Тәжікстаннан келетін қарсыластарымен күш сынасады» - деді А. Дүйсенов.
Айта кетелік, турнир Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 30 қараша күні кешкі сағат 18:00-де басталады.
Ал сайыскерлердің өлшену және көзқарас «жекпе-жегі» ертең 29 қараша күні «MEGAPark» сауда ойын-сауық кешенінде өтеді.