Алматыда әрбір үшінші жедел жәрдем қызметі артериалдық гипертонияға байланысты шақырылады - баспасөз мәслихаты

АЛМАТЫ. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда әрбір үшінші жедел жәрдем қызметі артериалдық гипертонияға байланысты шақырылады және сырқаттанушылардың көпшілігі ауру белгілерінің білінбей өтуіне байланысты өз қан қысымының жоғары екендігін біле бермейді.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматыда Дүниежүзілік гипертониямен күрес күніне арналған баспасөз мәслихатында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының бас дәрігері Сымбат Әбзалиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, күрделі асқынулар - халықтың гипертония туралы хабардарлық деңгейінің төмендігінде. "Тіпті қарапайым қан қысымының көтерілуі семіздікке, көз көрудің нашарлауына ғана емес, жүрек ишемиясы ауруының дамуына, мүгедектік пен өлімге әкелетін инсульттар мен инфарктерге, сондай-ақ созылмалы бүйрек ауруларына алып келеді. Бүгінгі күні қан қысымының жоғары болуына темекі шегушілік, алкогольді шамадан тыс қолдану, артық салмақ, аз қимылдау өмір салты мен күйзелістер әсер етуде. Соның салдарынан әйелдерге қарағанда ер адамдардың көпшілігі артериалдық гипертонияға шалдығуда. Өкінішке орай, қазіргі уақытта жастар да бұл аурумен ауыруда", деп атап өтті Сымбат Әбзалиева. Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары бойынша, 18 жастан асқан әр адам өз артериалдық қан қысымын білуі керек және оның норма көрсеткіші 140/90 мм сынап бағанасынан жоғары болмауы тиіс.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ұлттық орталығының бас директоры Сәуле Диқанбаеваның айтуынша, бүгінгі таңда әлем бойынша артериалдық гипертония кең таралған аурулардың бірі болып саналады және басқа ауруларға қарағанда артериалдық гипертония өлім қаупіне әкелетін аурулар қатарында бірінші орында тұр. «Соңғы кезде бұл гипертонияның Қазақстанда тұрақты өсуі қатты байқалады. ҚР Статистика агенттігінің деректері бойынша 2006 жылы 100 мың халық санына -577,5; 2007 жылы -597,3; 2008 жылы 764,6; 2009 жылы -877,5 жағдай тіркелген», деді Сәуле Диқанбаева.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік гипертониямен күрес күні аясында, мамыр айының 17 күні «Гедеон Рихтер» компаниясының ұйымдастыруымен, еліміздің 16 қаласында «Өз қан қысымыңды біл» атты кең көлемді акция басталады. «Акция барысында барлық тұрғындар артериалдық гипертония бойынша қажетті кеңестерді алып, тегін қан қысымын өлшете алады. Аталмыш шара медициналық ұйымдарда, адамдар көп шоғырланған жерлерде: сауда орталықтарында, әуежайлар мен вокзалдарда, бизнес орталықтар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтетін болады», деді Сәуле Диқанбаева.

Соңғы жаңалықтар