Алматыда «Arbuz-Fest-2017» жәрмеңкесінде 25 тонна қауын-қарбыз сатылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Arbuz-Fest-2017» мамандандырылған шарасына шаруалар 25 тонна қауын-қарбыз жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Алматыда «Arbuz-Fest-2017» жәрмеңкесінде 25 тонна қауын-қарбыз сатылды

Ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер Алматыдағы шараға 15 тонна қарбыз бен 10 тонна қауын ала келіп, алматылықтарды арзан бағамен қуантты. Қала күнін тойлау аясында ұйымдастырылған шараға Алматы облысы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының шаруалары өз өнімдерін жеткізді. Шарада жеміс-жидектер мен қауын-қарбыздың бағасы нарықтағыдан 20-30 пайызға арзан болды. Нақтырақ айтқанда, қарбыздың келісі 30 теңгеден, қауынның бір данасы 200 теңгеден сатылды.

Шарада келушілерге өнімді алмастан бұрын 5 түрлі қарбыздың дәмін татып көруге рұқсат етіліп, қарбыз сусыны берілді. Байқау аясында бас жүлдеге спорттық велосипед тігілген қарбыз жеу жарыс өтті. Бәрінен озып шыққан Жанат Шүнкенаев есімді алматылық бағалы сыйлықтың иегері атанды.

Енді алдағы қыркүйек айында алматылықтар үшін «Apple Fest» фестивлі ұйымдастырылатын болады.