Алматыда ардагерлер арасында волейболдан турнир өтеді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қаңтардың 29-30-ы күндері волейболдан ардагерлер арасында Санжар Жандосов пен Геннадий Толмачевті еске түсіруге арналған турнир өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оған Алматы, Талдықорған, Шымкент қалаларынан командалар қатыспақ. Қаңтардың 29-ы күні туғанына 80 жыл толатын көрнекті қоғам қайраткері және білгір экономист Санжар Жандосов спорт саласындағы мектеп-интернаттардың ашылуына және қазіргі заманғы спорт залдары мен бассейндердің салынуына қолдау көрсетті. Командалар құрып турнирлер, спартакиадалар ұйымдастырып республикада спорттың дамуына зор үлес қосқан Санжар Оразұлы 1957 жылы Ұлттық олимпиада комитетіне мүше болып сайланған болатын. Сондай-ақ ұзақ жылдар бойы волейбол және дзюдо федерацияларын басқарды. Санжар Жандосовтың есімін ұлықтау мақсатында Қазақстан дзюдо федерациясы 1993 жылдан бері дәстүрлі түрде жыл сайын халықаралық турнир өткізіп келе жатыр. Ал ардагерлер арасында волейболдан өтетін бұл турнирді достары мен әріптестері С.Жандосов пен оның досы, журналист, жазушы және волейболшы Генадий Толмачевті еске түсіру мақсатында ұйымдастырып отыр.