Алматыда «Арман шыршасы» атты қайырымдылық акция басталды
АЛМАТЫ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Арман шыршасы» атты жаңажылдық қайырымдылық акция басталды.
«Komanda SOS» еріктілер үйлестіруші орталығы мен «Спутник» сауда ойын-сауық орталығының және Vox Populi қазақстандық сайтының ұйымдастыруымен өтетін биылғы акцияға жағдайы нашар отбасылардың балаларымен қатар, арнайы мектеп-интернаттардың, жетім балаларға арналған үйлердің 27 тәрбиеленушісі қатысады.
«Спутник» сауда ойын-сауық орталығында арнайы шырша қойылған. Онда мерекелік ойыншықтармен қатар, осы акцияға қатысатын балалардың суреттері ілінген. Әр бала өз суретінің артына арманын жазған. Орталыққа келушілер, әр қазақстандық суретті алып, бала арманының орындалуына ықпал ете алады.
Сыйлықтарды табыстау жаңа жылдық мектеп демалысынан кейін, 2011 жылы 11 қаңтар күні өтеді.