Алматыда арық желілерін салу жұмыстары жалғасуда
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары аясында қаланың арық желілерін салу мен оларды жөндеу, сонымен қатар арна аңғарларын нығайту жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, Бауыржан Байбек Алатау ауданының «Алғабас» ықшам ауданындағы Теилов, Момышұлы, Соқпақбаева, Қалдаяқов, Лермонтов, Сәтпаев, Маметова, Бажанова, Абай, Байтұрсынов және Рысқұлов көшелері бойындағы арық желісін салу мен құрғату жүйесінің жұмысын бақылады.
Ықшамауданда ұзындығы 7 шақырым болатын арық арналарына лотоктар төселіп жатыр. Тереңдігі 2 шақырым, ал ұзындығы 2 шақырым болатын жекелеген учаскелердегі траншеяларға дренажды құбырлар тарту жұмыстары жүріп жатыр. «Теплоэнергетик» және «Энергостроитель» саябақтары арқылы ағатын Қарғалы өзенінің жекелеген учаскелерінде тазарту, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары да қарқын алған.
Алматы әкімі Наурызбай ауданындағы Надыров, Тажиев, Құлыбеков, Сланов көшелері бойымен өтетін ұзындығы 4 шақырымнан асатын арық желісінің құрылысын да тексерді.
Аудан әкімі Сайран Сайфеденов бұрын бұл көшелерде арық жүйелерінің болмағанын, бүгінгі күнге дейін 1,3 шақырым жерге жаңа арық желілері мен жауын канализациясы тартылғанын айтты.
Қала билігі арыққа қатысты жұмыстарды биыл қазанда аяқтамақ.
Жалпы алғанда, Алматыда биыл ұзындығы 14,7 шақырым арық желісі салынып, 52 көшедегі 42,2 шақырым арық қайта жасалуда.
Атап өтерлік жайт - бұдан өзге сегіз аудан әкімдігінен ұзындығы 500 шақырым болатын 488 көшеде жаңа арық пен жауын канализациясы құрылысына ЖСҚ дайындау үшін өтінімдер түскен.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында «Кіші Алматы» өзені ағып өтетін Жетісу ауданындағы Волочаевская көшесі бойындағы су аңғарларын және Медеу ауданындағы Таиров көшесі мен Бостандық ауданындағы «Бағанашыл» ықшам ауданындағы биік беткейлерді нығайту жұмыстарын да тексерді.
Бұл учаскелерде габионды конструкциялардан жасалған қорғаныс қабырғалары орнатылып, жерасты жұмыстары жүріп жатыр.
Жетісу ауданындағы беткейдің ұзындығы 345 метр, биіктігі 7 метрге жетеді. Қазіргі кезде мұнда қажетті жұмыстың басым бөлігі аяқталған, жиналған топырақтың 90%-ы сыртқа шығарылған. Орта қысымды газ жүргізу арқылы технологиялық процестер қамтамасыз етілген, жоғары қысымды су құбырлары бойынша демонтаж және монтаждау жұмыстары жүзеге асып, электр желілерінің тіректері жылжытылған.
Осы учаскедегі жұмысты биылғы жылдың 1 қазанына дейін аяқтау жоспарланған.
470 метрге созылып жатқан Медеу ауданындағы беткейде ұзындығы 410 метрден асатын металл қоршаулар, бетон блоктар, ағаштан салынған шағын нысандар алынып тасталды. Сыртқа 1600 текше метрден астам қоқыс шығарылған. Жұмысты биылғы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.
Бостандық ауданындағы «Бағанашыл» ықшам ауданында беткейлерді нығайту жұмыстары да кестеге сай жүріп жатыр, скважиналар бұрғыланып, топырақтың құрамы зерттелуде. Жобалаушылар топырақтың сейсмикалық жағдайға төзімділігі мен құрамына қарай мұндағы тірек қабырғаларының түрін жасайтын болады. Қазіргі кезде беткейі бұрғыланып, одан шыққан топырақ сыртқа шығарылуда. Жұмысты биылғы жылдың қазан айының соңына қарай аяқтау жоспарланған.
Бостандық ауданындағы «Ақтөбе» ықшам ауданында үш жеке тұрғын үй мен 12 жер учаскесін біріктіретін көпірді қайта жасау жұмыстары аяқталды. Мұнда да бұрынғы темірбетон қоршаулар алынып тасталды, мнонолитті темірбетонды қондырғылар орнатылды, өзеннің түбіне тікбұрышты темірбетон құбырларының астына плиталар төселіп, көпірдің үстіңгі жағына металл қоршаулар орнатылатын болады.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек кезекті жұмыс сапарында Наурызбай ауданындағы әкімшілік орталықтың және әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын, сонымен қатар Қарғалы өзені бойының абаттандырылуын тексерді.

Айта кету керек, қаланың инженерлік-коммуникациялық құрылымын дамыту мәселесі «Алматы-2020» Даму бағдарламасында жан-жақты көзделген.
Аталған құжат 2015 жылы қоғамдық талқылауға жіберіліп, 2016 жылы қабылданған болатын.
Қаладағы төтенше жағдайды болдырмау мақсатында қала аумағындағы (оның ішінде қосылған) су қорғау жолақтарының, өзендердің арналарының, каналдардың, сушаруашылығы құрылғыларының жекелеген бөліктерін қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу, қаланың кіші өзендерінің арналарының жекелеген бөліктерін қайта жаңғырту, су нысандарының су қорғау жолақтарын қайта жаңғырту және абаттандыру, коммуналдық меншіктегі сушаруашылығы қондырғыларының қызметін қамтамасыз ету, арық желілері мен нөсер кәріздерін қайта жаңғырту және салу көзделген.
2020 жылға дейін Алматыдағы барлық арықтар жаңартылуы тиіс.
Өткен жылы әкімдік қызметкерлері 1000 шақырым арық желісін тексерген еді. тексеру барысында 500 км арық желісін ауыстыру керектігін анықталды.
Биыл қалада 100 шақырым арық желісі жаңартылса, келесі жылы қалған 400 шақырым арық желісі толық ауыстырылады.